Кандидоз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
Candida albicans агарде өсірілген

Кандидоз[1], кандидамикоз (латынша сandіda – ашытқы, грекше mykes – саңырауқұлақ) – ашытқы тәрізді саңырауқұлақтармен қоздырылатын терінің, шырышты қабаттың, ішкі органдардың жұқпалы ауруы. Жер шарында кең тараған, әсіресе, тропиктік және субтропиктік аймақтарда жиі кездеседі. Аурудың қоздырғыштары теріні зақымдап, органдардың ішкі шырышты қабаттарында (ауыздың, өңештің, ішектің, әйелдің жыныс мүшелерінің, т.б.) өніп көбейеді. Кандидоздың дамуына иммунитеттің төмендеуі, эндокринопатия, гиповитаминоз, организмде зат алмасудың бұзылуы (мысалы, диабет ауруы), гигиена ережелерін сақтамау (маникюр жасатқанда, т.б.), дисбактериозға алып келетін кейбір дәрілерді (антибиотиктерді, кортикостероидтарды) шамадан тыс, орынсыз пайдалану әсер етеді. Ашытқы саңырауқұлақтарын тасымалдаушылар мен Кандидозбен ауыратын науқас адамдар инфекция көзі болып есептеледі. Кандидоз, негізінен, тікелей жанасу арқылы жұғады. Ластанған жеміс-жидек, көкөніс арқылы да жұғуы мүмкін. Кандидоздың созылмалы гранулематозды, висцералды және аллергиялық түрлері ажыратылады. Кандидозбен, әсіресе, жас балалар мен қарт адамдар жиі ауырады. Жас балаларда, әдетте, организмде иммундық тапшылық кезінде – созылмалы гранулематозды кандидоз дамиды. Ішкі органдардың шырышты қабаттарында пайда болған кандидоз өте ауыр өтеді. Бұл бірте-бірте ауыздың шырышты қабатының уылуына – кандидозды стоматитке әкеледі. Ерінге, тілге, таңдайға, қызыл иекке ақ бөртпелер шығып, көлемі ұлғаяды. Айналасы қабыршақтанып, ыстық, суық тамақ ішкенде қатты ауырып, адам тамақтың дәмін сезбейді. Қазақ халқы мұны ауыз уылу деп атайды. Әйелдердің жыныс мүшелерінің шырышты қабаты кандидозында (вульвовагинит, баланопостит) жыныс мүшесінен ірің бөлініп, денеде қышыма пайда болады. Сондай-ақ, қол саусақтарының арасы, тырнақ көбесі, тырнақ, сүт безі асты, шап, т.б. кандидозға шалдығады. Кандидоз ауруының диагнозын клиникалық белгілеріне қарап анықтайды. Ол үшін лабораториялық зерттеулер (серологиялық реакциялар және кандидааллерген мен терілік аллергиялық сынамалар) жасалады. Кандидоз ды емдеу үшін, тек дәрігердің рұқсатымен, қабынуға қарсы және залалсыздандыратын дәрі-дәрмек, сондай-ақ, ашытқы саңырауқұлақтарын жоятын антибиотиктер, витаминдер ішу керек.

Малдағы кадидоз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Малдағы кандидоз ға асыранды құстар, сиыр, қой, ит, әсіресе, жас төл жиі шалдығады. Кандидоз ауру малдан сау малға жұғады. Сондықтан ауру белгілері білінісімен кандидозға шалдыққан малды оқшаулап, түрлі антибиотиктер ішкізу қажет. Мал қораларында тазалық сақталып, мал азығына иод препараттары қосып беріледі.

Клиникалық көрініс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ашытқы паронихиялары мен онихиялары

Паронихиялар ісінумен, инфильтрациямен, тырнақ буылтықтарының гиперемиясымен, тырнақүсті терісінің жоқтығымен (эпонихиум) сипатталады[2]. Тырнақ маңындағы буылтық бұл ретте тырнақ бетіне біршама жылжиды. Көбіне паронихия мен онихия қатар жүреді.

Кандидамикидтер

Кандидамикидтер — қоздырғышқа және оның тіршілік қызметі өнімдеріне маңызды сезімталдану дәрежесін білдіретін екіншілік аллергиялық бөртпелер. Көп пішіндік, әдетте, эритематоздық-сквамоздық ісіну дақтары түрінде, алайда, сондай-ақ уртикарлық және буллёздық бөртпелер болуы мүмкін. Кандидамикидтердің пайда болуында субфебрилитет, негізгі ошақтардаы негізгі қабыну құбылыстарының күшеюі қатар жүреді.

Ерлердегі кандидоз симптомдары

  • Жыныс мүшесінің басын немесе күпек аумағының ашып ауыруы және қышуы.
  • Жыныс мүшесі басының немесе күпектің қызаруы.
  • Жыныс мүшесінің басындағы немесе күпектегі ақ өңез.
  • Жыныстық қатынас кезіндегі ауыру.
  • Несеп шығару кезіндегі ауыру.
  • Несеп шығарғанда ұрық тәрізді ақ түсті бөлінулер

Әйелдердегі кандидоз симптомдары

  • Сыртқы жыныс органдарының ашып ауыруы және қышуы.
  • Қынаптан ақ ірімшік тәрізді бөлінулер.
  • Қынаптың шырышты қабығының және сыртқы жыныс органдарының ісінуі мен қызаруы[3].
  • Жыныстық қатынастағы және несеп шығару кезіндегі ауыру.

Дереккөздер:

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
  2. Paronychia Drainage. pubmed.ncbi.nlm.nih.gov. Тексерілді, 14 қаңтар 2023.
  3. Vaginal yeast infection (thrush): Overview. ncbi.nlm.nih.gov. Тексерілді, 14 қаңтар 2023.