Елдес Омарұлы Тиесов

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Елдес Омарұлы Тиесов
Туған күні

29 ақпан 1892 (1892-02-29)

Туған жері

Қонай ауылы, Қостанай уезі, Торғай облысы, Ресей империясы (қазіргі Бейімбет Майлин ауданы, Қостанай облысы, Қазақстан)

Қайтыс болған күні

1 желтоқсан 1937 (1937-12-01) (45 жас)

Азаматтығы

Ресей Ресей империясы
 КСРО

Ұлты

қазақ

Қызметі

публицист, аудармашы, ғалым, қоғам қайраткер

Жұбайы

Эльза Адамовна Берте

Елдес Омарұлы Тиесов (29 ақпан 1892 жыл, Қостанай уезі1 желтоқсан 1937 жыл) — қоғам қайраткері, ғалым (тілтанушы және математик), публицист және аудармашы, Алаш партиясы саяси партиясының мүшесі.

Өмірбаяны[өңдеу | қайнарын өңдеу]

  • Қыпшақ тайпасының Қарабалық руынан шыққан.[1][2][3]
  • 1892 жылғы 29 ақпанда (Бұл күн тек төрт жыл сайын кібісе жылда келетін болғасын, ережелер бойынша құжаттарда наурыздың бірі деп көрсетілген) Қостанай уезінің Қонай ауылында дүниеге келген (қазіргі Г. Белинский атындағы агроконцерн, Таран ауданы).
  • Алғашында Елдес ауылдың молдасынан хат таныды, содан соң Қостанай орыс-қазақ училищесін бітіріп, Дубай ауылында мұғалім болып жұмыс істейді.
  • Үш жыл (1917 жылғы ақпанға дейін) жергілікті соттың кеңсесінде қызмет етті.
  • Сол жылдары оны Минск қаласындағы Земство Одағына хатшы қызметіне шақырады.
  • 1917 жылы оқулық дайындау комиссиясының мүшесі етіп тағайындайды.
  • Азамат соғысы жылдары Елдес Омарұлы Қостанай уезі бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлімшесінің төрағасы дәрежесінде қызмет етті.
  • 1917 жылы Орынбор қаласында өткен II бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында Қазақстанда ұлттық автономия — Алаш Орда атты өкімет құру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл бастаманың басында Алаш партиясы тұрды, ал осы бағдарламаның авторларының бірі замандастары жан-жақты білімі, таланты үшін қазақтың Ломоносовы деп атаған белгілі Елдес Тиесов болған еді.
  • 1920 жылдардан бастап Орынбордағы халыққа білім беру комиссариатының мектеп бөлімінде қызмет ете жүріп, өлкелік академиялық орталықтың қызметкері болды.
  • Елдес Омарұлы да «халық жауы» деп айыпталып, ОГПУ-дың үкімімен 58 бабы бойынша он жылға сотталды. Көп кешікпей сол ОГПУ Елдес Омарұлын ату жазасына кесті, біраз уақыт өткен соң бұл үкім өзгертілді.
  • Алғашқы жылдарын (оған дейін Елдес Мәскеудегі Бутырка түрмесінде отырған) ол Карелияда өткізді. 1933 жылғы шілдеде Елдес Омарұлы мерзімінен бұрын босатылды, бірақ ол бостандық көпке ұзамады.
  • Елдес Омарұлы алғашқылардың бірі болып Мұхтар Әуезовтың ғылыми еңбектері туралы пікір жазған. Ол М. Әуезовтың еңбектеріне жоғары баға берді. Мұхтар Әуезов 1927 жылы туған ұлының атын Елдес Омарұлының құрметіне Елдес деп қойды.
  • Белгілі ғалым Елдес Омарұлы ғалым-филолог Телжан Шонановпен көп жылдар бойы дос болды. 1937 жылы Шонановқа «халық жауы» деген айып тағылғанда, Е. Омарұлы досының сөзін сөйлеп, құтқарып қалғысы келді, бірақ оның өзіне де «халық жауы» деген жалған айып тағылды. Алдымен, ҚазГУ-дің жатақханасында тұрып жатқан жерінен шығарып жіберді.
  • 1937 жылғы 20 қарашада ол тұтқындалып, желтоқсанның бірінде ату жазасына кесіледі.
  • Е. Омарұлы тек 1989 жылы ғана ақталды.

Шығармалары[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Елдес — көптеген оқулықтардың авторы. Атап айтқанда, математика, алгебра, физика, тригонометрия, геометрия оқулықтарын орыс тілінен, неміс тілінен аударып, өңдеп, өзі толықтырып отырды. Көптеген геометриялық терминдер Елдестің аудармасында мәнді де, мағыналы. Мысалы, геометрия — пішіндеме, теорема — түйін, трапеция — қостабан т.с.с.

Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігін орыс тілінде жазған. Оның ішінде

  • «Упражнения по синтаксису» (Синтаксис жаттығулары)
  • «О сочетании звуков казахского языка» (Қазақ тіліндегі дыбыс үндестігі)
  • «Новые правила о казахском шрифте» (Қазақ қаріптерінің жаңа ережелері)
  • «Ученая деятельность Ахмета Байтурсынова» (Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми еңбектері) сияқты еңбектері орыс тілінде жазылған.
  • Ал, бастауыш сыныптарда өзі жазған «Әліппені» қолданды. Бұл оқулық қазақтың мақал-мәтелдеріне, билердің шешендік сөздеріне негізделген. Өкінішке орай, бұл оқулық баспадан шықпай қалды.

Есте қалдыру[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1997 жылы бұрынғы Қостанай орыс-қазақ училищесінде (қазіргі көркемөнер мектебі) даңқ таңбасы ашылды.

Отбасы[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ғалымның жеке өмірі де бақытты болған жоқ. Оның зайыбы Ташкент қаласындағы Германия консулының қызы Эльза Адамовна Берте болатын. Тұңғышына Кенесары Қасымовтың құрметіне Кенехан деген ат қойды. Кейінірек әйелі мен баласының өміріне қауіп төнбесін деп ажырасып кетеді. Ал, ұлының туу туралы куәлігінде Генрих Берте деп жазылды. Ұлының тағдыры белгісіз, тек қана Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, ұшқыш болғаны туралы қысқа ғана дерек бар.

Дереккөздер[өңдеу | қайнарын өңдеу]